Жұмыстар аяқталған соң қаланың орталығындағы қоғамдық кеңістіктер, соның ішінде "Қарағайлы" саябағы жүргіншілер жолы арқылы өзара жалғасады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жобаның бірінші кезеңі 2025 жылы Абылай хан даңғылынан Наурызбай батыр көшесіне дейінгі аралықта аяқталды. Биыл жұмыстар Наурызбай батыр көшесінен Масанчи көшесіне дейін жалғасып жатыр. Бұл учаскенің ұзындығы 500 метрден асады.
Аллеяның бір бөлігінде мейрамхананың жазғы террасасы сүрілгеннен кейін жүргіншілер емін-еркін жүре алды. Бұл мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға, қарттар мен балалар арбасын сүйреткен ата-аналардың жүріп-тұруына ыңғайлы.
Бүгінде 3,5 мың шаршы метр аумаққа брусчатка төселіп, 105 жарықтандыру бағанасы мен 25 орындық орнатылды. Келесі кезеңде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
"Атап айтқанда, ірі көлемді ағаштар мен 8 мың бұта егу, 9 мың шаршы метр аумаққа көгал төсеу және тамшылатып суару жүйесін орнату жоспарланған", – деп хабарлады қалалық әкімдік.