Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты базасында "Қалқанша безінің түйінді ісіктерін емдеудегі ең төменгі инвазиялық технологиялар" тақырыбында мастер-класс өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ең жас пациент – 26 жаста. Алматы қаласының жас тұрғынына қалқанша безінің оң жақ бөлігінде көлемі 4,4 см болатын уытты емес жалғыз түйінді зоб диагнозы қойылған. Мұндай ірі ісік мойын ағзаларын қысу қаупіне байланысты көп жағдайда хирургиялық емдеуді талап етеді.
Алматы облысынан келген ең егде жастағы пациент – 56 жаста. Оған қалқанша безінің екі бөлігінде де көлемі 4,3 см болатын уытты емес көптүйінді зоб диагнозы қойылған. Пациенттерде тыныс алудың және жұтынудың қиындауы, тамақ ішу мен сусын қабылдау кезінде жайсыздық, ауырсыну, бөгде зат тұрғандай сезім, тамақтың жыбырлауы және жөтел байқалған.
Радиожиілікті абляция – қалқанша безі түйіндерін хирургиялық араласусыз емдеудің заманауи әдісі. Емшара барысында ісік тініне арнайы радиожиілікті ток әсер етіп, патологиялық жасушалар жойылады. Бұл ретте қалқанша безінің сау тіндері зақымданбайды.
Клиниканың интервенциялық хирургі Арман Ибраевтың айтуынша, қалқанша безіне абляция жасау жергілікті анестезиямен жүргізіледі және жалпы наркозды қажет етпейді. Пациент емшара кезінде айқын жайсыздық сезінбейді.
Қалқанша безінің қатерсіз түйінді ісіктерін емдеудің бірегей әдісін – радиожиілікті абляцияны енгізу институт пациенттеріне хирургиялық араласусыз түйіндерден арылуға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде олардың өмір сапасы жақсарады.