Алматыда білім беру, ғылыми зерттеулер, стартаптарды дамыту және технологиялық компаниялардың жұмысын біріктіретін екі ірі жоба – Almaty AI Hub және Almaty AI Park жүзеге асырылып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Көктем-3" шағынауданында орналасатын Almaty AI Hub жалпы ауданы 9,4 мың шаршы метрден асатын қайта жаңғыртылып жатқан ғимаратта ашылады. Мұнда 556 жұмыс орны, IT және жасанды интеллект компанияларына, стартаптар мен әзірлеушілерге арналған кеңістіктер, білім беру алаңдары, коворкингтер мен конференц-залдар қарастырылған.
Сондай-ақ хабта Tomorrow School мектебі мен AI Campus инфрақұрылымы орналастырылады.

"Almaty AI Park орталығы 4,9 гектар аумақта салынады. Мұнда ғылыми-зерттеу және жасанды интеллект зертханалары, кеңселер, коворкинг, акселератор, бизнес-инкубатор, білім беру және іс-шаралар өткізуге арналған кеңістіктер, сондай-ақ университет орналасады.Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңді 2027 жылы желтоқсанда, ал екінші кезеңді 2028 жылы желтоқсанда аяқтау жоспарланған", – деп хабарлады қалалық әкімдік.
Екі жоба да маман даярлауға, стартаптарды дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және технологиялық шешімдерді енгізуге арналған бірыңғай инфрақұрылым қалыптастырады.