Алматыда есірткіге тәуелділер саны азайып келеді

327

Наркологтардың бақылауындағы азаматтар саны өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға төмендеген.  

Алматыда есірткіге тәуелділер саны азайып келеді Фото: laf.md

Алматыда есепте тұрған есірткіге тәуелді адамдардың саны азайған. Қазір наркологтардың бақылауында 1148 адам бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биыл 300-ден астам адам стационарлық ем қабылдаған, олардың ішінде 19 науқас есептен шығарылған. Сонымен қатар психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, есепте тұрған кәмелетке толмағандардың саны 17-ден 12-ге дейін азайған.

"Биыл алғашқы бес айда есірткіге тәуелді 63 адам есепке алынды, оның ішінде кәмелетке толмаған бір жасөспірім бар. Осы уақытта 65 адам бақылаудан шығарылып, 19 азамат толық сауықты. Біз сандардың жақсы жаққа өзгеріп жатқанын байқап отырмыз. Бұған тек емдеу шаралары емес, белсенді профилактикалық жұмыстар да ықпал етіп отыр", – деді Психикалық денсаулық орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Әбдікерова.

Есірткіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында жыл басынан бері Алматыда дәрігер-наркологтар Ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған 60-тан астам дәріс пен семинар өткізген. Оған 1600-ден астам адам қатысқан. Сондай-ақ қалада екі қалалық және аудандық ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, 250-ден астам азаматқа ақпарат берілген.

"Нашақорлықты кешенді емдейміз. Ол 3 кезеңнен тұрады: детоксикация, психотерапия және әлеуметтік оңалту. Одан кейін науқастың физикалық жағдайы қалпына келтіріліп, ұйқысы, тәбеті және жалпы жағдайы тұрақтандырылады", – деді психиатр дәрігер, нарколог Мадина Мылтықбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу