24-27 шілде аралығында Алматы қаласында халықаралық "WTT Youth Contender Almaty" жасөспірімдер турнирі өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдағы жарысқа 17 спорттық делегациядан 230 спортшы қатысады. Қатысатындарын Аустралия, Әзербайжан, Гонконг (Қытай), Израиль, Үндістан, Индонезия, Ирак, Иран, Катар, Қытай Тайбэйі, Корея, Малайзия, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан, Жапония және Қазақстан өкілдері растады.

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы әртүрлі жас санаттарында 82 спортшымен өнер көрсетеді.
Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) мен World Table Tennis (WTT) қолдауымен өтетін жарыс жасөспірімдер сериясының ресми күнтізбесіне енгізілген және оның нәтижелері әлемдік рейтингте есепке алынады.

Жүлделі орындар келесі санаттар бойынша сарапқа салынады:
• 11 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар – жекелей сында;
• 13 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар – жекелей сында;
• 15 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар – жекелей сында;
• 17 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар – жекелей сында;
• 19 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар – жекелей сында;
• 15 жасқа дейінгі аралас жұптық сайыс;
• 19 жасқа дейінгі аралас жұптық сайыс.
Барлық жанкүйерлер тартысты әрі қызықты кездесулерді тамашалап, қазақстандық спортшыларға қолдау көрсете алады.

Жарыс Алматы қаласы, Нұркент шағынауданы, 14Б мекенжайында орналасқан ADD Ustel Tennis Ortalygy спорт кешенінде өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін.
Турнир тікелей эфирде SportPlus Qazaqstan телеарнасынан көрсетіледі.
Турнирдің бас серіктестері – "Самұрық-Қазына" АҚ және туризм мен спорт индустриясын қолдау қоры Sport Qory.
Қазақстан үстел теннисі федерациясы демеушілік қолдау көрсеткен ADD Capital, Halyk Bank, Allur, Kazakhmys және ERG компанияларына алғыс білдіреді.

Халықаралық турнирді ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне және Алматы қаласының әкімдігіне ерекше алғысымызды білдіреміз.