Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, ұсталғандардың біреуі – шетел азаматы, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Полицияға шағым Төле би даңғылындағы тұрғын үйлердің біріндегі пәтерге қатысты түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция экипажы барып, ақпараттың рас-өтірігін тексерді.
– Пәтерде болған әйел полиция бөліміне жеткізілді. Қазір оның жеке басы анықталып, құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деп хабарлады полиция.
Екінші пәтерде полиция қызметкерлері Шевченко көшесінде тексерді. Онда ақылы интимдік қызмет көрсетті деген күдікпен 31 жастағы шетелдік азаматша ұсталды.
– Қазір оның Қазақстан Республикасының аумағында заңды жүрген-жүрмегені және көші-қон заңнамасын бұзған-бұзбағаны тексеріліп жатыр, – делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері пәтер иесі тұрғын үйдің жезөкшелікпен айналысу үшін пайдаланылғанын білгені анықталса, оның да жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.