Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мәслихат сессиясында қалада жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әкімнің айтуынша, биыл қалада бірқатар ірі жобаны іске асыру басталды. Бюджетті нақтылау аясында басталған нысандарды аяқтауға және келесі жылға жоспарланған жобаларға 57,7 млрд теңге бағытталады.
Қалада бес радиалды жолды ұзарту және LRT-ның бірінші желісін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін "Қалқаман" метро бекетін ашу және "Барлық" бекетіне дейінгі желінің құрылысын бастау жоспарланған.
Сонымен қатар "Шығыс қақпасы" және "Батыс қақпасы" полиорталықтарын дамыту, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Алматының тау кластерін дамыту, "Медеу" кешенін жаңғырту және жаңа футбол стадионын салу жобалары іске асырылып жатыр.
Биыл тұрғын үйге мұқтаж 11 мыңнан астам азаматтың баспана жағдайын жақсарту жоспарланған.