"Келсем, баланың оң құлағы жоқ": Алматыда қабаған иттер 10 жастағы баланы адам танымастай етіп талап тастады

Қазіргі уақытта зардап шеккен бала жансақтау бөлімінде жатыр. 

"Келсем, баланың оң құлағы жоқ": Алматыда қабаған иттер 10 жастағы баланы адам танымастай етіп талап тастады Фото: canva

Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу де басталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қайғылы жағдай Алматы облысына қарасты Жалпақсай ауылында 30 маусым күні болған. 
Футбол алаңында бір топ бала ойнап жүргенде 3 иттің кіріп келгені айтылады. Балалардың көпшілігі қашқанымен, біреуі иттердің шабуылына ұшыраған. 

– Иттер баланың құлағын жұлып, санын тістеп, басынан бірнеше рет қауып алды. Қазір баланың жағдайы өте ауыр. Баланы иттерден ажырату өте қиын болды. Құтқаруға келген бірнеше ер адам иттердің бірін өлтіруге мәжбүр болды. Бірақ, ит иелері өз кінәсін мойындамай отыр, – дейді куәгерлердің бірі. 

Куәгерлер екі ер адамның батыл әрекеті баланың өмірін сақтап қалуға себеп болғанын ерекше айтады. Олардың бірі питбульді атып өлтіріп барып, иттердің шабуылын тоқтатқан. 

Алматы облыстық Полиция департаменті оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің "Абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. 

– Қазір оқиғаның куәгерлері тергеліп жатыр, кешенді сараптамалар да  тағайындалған. Сонымен қатар, жануарларды ұстауға жауапты тұлғалардың әрекетіне де құқықтық баға беріледі. Барлық кінәлі заң аясында жауапқа тартылады, – делінген полиция хабарламасында. 

Аталған оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамның наразылығын тудырып жатыр. Олар қауіпсіздікке қатысты нақты шара қабылдауды талап етіп, иттердің иесі жауапкершіліктен жалтарып кетпеуін қадағалауды сұрайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу