Алматыда Қала күніне арналған екі күндік мерекелік іс-шаралар аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
19 және 20 қыркүйекте қаланың негізгі алаңдары мен барлық сегіз ауданында концерттер, фестивальдер, көрмелер, спорттық және шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырылды. Оларға екі күн ішінде 1 млн-нан астам тұрғын мен қала қонағы қатысты.
Абай алаңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен салтанатты концерт өтіп, "Алматы қаласының құрметті азаматы" атағын табыстау рәсімі ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламада "Сазген сазы" фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қазақ мемлекеттік циркінің артистері, ASU ұжымы, "Алатау" дәстүрлі өнер театры, пианист Ratovich, NE PROSTO ORCHESTRA және "D Billions" халықаралық музыкалық шоуы өнер көрсетті.
Қонақтар үшін тақырыптық және балалар аймақтары, AI & ROBOT ZONE, крафт ойындар алаңы жұмыс істеп, "Ажарлы Алматы" көрмесі ұсынылды.
Астана алаңында концерттер, "Almaty Vibes" музыкалық фестивалі және "Almaty Zhuldyzy" концерті өтті. Сондай-ақ Алматы тарихына арналған 3D Mapping Show ұйымдастырылды.
Панфилов және Жібек жолы көшелерінде концерттер, шығармашылық бағдарламалар мен қуыршақ театрының қойылымдары өтті. Ал Kitap Fest кітап жәрмеңкесіне 60-тан астам баспа мен кітап дүкені қатысып, 50 мыңнан астам адам келген.
Қала күнінің тағы бір ірі шарасы Алма жәрмеңкесі болды. Екі күнде жергілікті өндірушілер мен шаруа қожалықтары 50 сұрыптағы 250 тоннадан астам алма сатты.
Масанчи көшесінің Сәтбаев даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігінде Алматыдағы алғашқы гастрономиялық көше ашылды. Мұнда қоғамдық тамақтану орындары мен абаттандырылған қоғамдық кеңістік біріктірілген.
Қаланың барлық сегіз ауданында да тұрғындарға арналған концерттер, спорттық жарыстар, көрмелер, шеберлік сабақтары және отбасылық бағдарламалар ұйымдастырылды.