Алматыда Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кәсіпкерлерге 16 млрд теңгеден аса өтем төленді

496

 Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде айтты, деп жазады inbusiness.kz.  

Алматыда Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кәсіпкерлерге 16 млрд теңгеден аса өтем төленді Фото: sn.kz

"Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, тіркелген ШОБ субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастап тұр. "Мегаполисте 343 мың субъекті болса, оның 277 мыңы ғана жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 30 пайызды құраған", - деді Айтуар Қошмамбетов.

Оның айтуынша, жалпы 2022 жыл отандық бизнес үшін, әсіресе алматылық кәсіпкерлер үшін оңай болған жоқ. Алматыда жыл басында болған Қаңтар оқиғасының кәсіпкерлерге тигізген әсері әлі де бар.

 "Жағдай қалыпқа келтірілгеннен кейін біз жедел желі ашып, бизнестің қалай және қандай көлемде зардап шеккені туралы ақпарат жинауды бастадық. 2000-нан астам қоңырау келіп түсті. Алматыда зардап шеккен 2 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі анықталды. Олардың есептеулері бойынша жалпы шығын көлемі 94,8 млрд теңгеден асқан", - деп жалғастырды А.Қошмамбетов.

Жыл бойы келтірілген залалды өтеу жөніндегі комиссияның 40 отырысы өткізіліп, "InfoKazakhstan" порталына түскен барлық өтініштер қаралды.

Айтуар Қошмамбетовтың дерегінше,  16 миллиард 189 миллион теңгеге 1640 өтінім қолдау тапты. Оның ішінде "Жаңа Алатау" қорынан – 1 294,8 млн теңгеге 636 өтініш, бюджет қаражаты есебінен – 14 млрд 894 млн теңгеге 1 004 өтініш қанағаттандырылды.

Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасынан 67 ірі бизнес субъектісі зардап шекті, оның 62-сі Алматыға тиесілі.
 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу