Алматының Түрксіб ауданында бұрын бос жатқан екі аумақ абаттандырылып, демалыс орнына айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобалар "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Жас Қанат шағынауданында 20 мың шаршы метрден астам аумақ көгалдандырылып, жаяу жүргіншілер жолы төселді. Сонымен қатар 53 жарық бағаны орнатылып, скейт-алаң, перголасы бар демалыс аймағы мен автоматты суару жүйесі жасалды.
Ал Жұлдыз-1 шағынауданында 2 530 шаршы метр аумаққа көгал төселіп, жүргіншілер жолдары абаттандырылды. Сондай-ақ асфальт жабыны жаңартылып, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарықтандыру шамдары орнатылды.
Осылайша, бұрын қараусыз жатқан аумақтар тұрғындардың серуендеп, тынығуына және белсенді демалуына арналған қоғамдық кеңістікке айналды.
Жалпы, Түрксіб ауданында "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында аулалар, скверлер мен қоғамдық аумақтарды абаттандыру бойынша 24 жоба мақұлданған.