Алматыда Қазақстан ревматологтарының IX конгресі және Азия-Тынық мұхиты ревматологтар қауымдастықтары лигасы мен Қазақ ревматология колледжінің APLAR-QCR саммиті өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халықаралық форум ревматология саласындағы ғалымдарды, практик дәрігерлерді, жас зерттеушілер мен әлемнің 15-тен астам елінен келген сарапшыларды біріктірді.
Іс-шараны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ ревматология колледжі ұйымдастырды. Қатысушылар ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, инновациялық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Онлайн форматта сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев ревматологиялық аурулардың халық денсаулығына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
Форум барысында 2029 жылы Қазақстанда APLAR жаһандық конгресін өткізу туралы шешімнің маңызы ерекше аталды. Күтіліп отырғандай, ауқымды жиынға әлемнің 80-нен астам елінен 2 мыңнан астам ревматолог қатысады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде ревматологиялық қызметті дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының базасында республикалық ревматологиялық орталық құрылып, өңірлерде 14 мамандандырылған орталық ашылған.
Сонымен қатар ревматоидты артритке шалдыққан пациенттердің бірыңғай цифрлық тіркелімі жасақталып, сала мамандарын даярлау жалғасуда.
2024–2025 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстанда сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін ауруларының сырқаттанушылық көрсеткіші 3,8 пайызға төмендеген.
Форум аясында пленарлық отырыстар, мастер-кластар, пікірталас сессиялары және жас ғалымдарға арналған арнайы секциялар ұйымдастырылды.