Осы сәтте Алматы қаласында қойма ғимараты өртке оранып, мамандар жоғары шақыру деңгейі бойынша қызыл жалынды ауыздықтауға тырысып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жетісу ауданында, Тобаяқов көшесінде алдын ала мәлімет бойынша қойма ғимаратында өрт шыққан. Өртті сөндіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін оқиға орнында жедел штаб құрылды. Өртті оқшаулау және оның таралуына жол бермеу мақсатында бірнеше өрт сөндіру учаскесі ұйымдастырылып, күштер мен құралдар жұмылдырылды, – делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде, ғимараттың жалынға оранып, ашық жанып жатқанын анықтады.
Өрт орнында үш өрт сөндіру учаскесі құрылды. Өрт орнында оны сөндіру жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнына ТЖД-ның 63 жеке құрамы мен 16 техникасы, "Алматы-1" ЖЭО-ның 3 қызметкері мен 1 техникасы, "Су Арнасы", "Алматы Тазалық" қызметтері, ҚТЖ өрт сөндіру пойызы және автопоезд жұмылдырылды.
Зардап шеккендер туралы 112 желісіне ақпарат түскен жоқ.