Оның көлігінен 1 келіден астам, ал үйінен шамамен 1 келі ұнтақ тәрізді зат табылған. Бұл туралы Алматы қаласының Полиция департаменті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тәртіп сақшылары түнгі тексеру кезінде күдіктінің көлігінен скотчпен оралған 30 түйіншек салынған сөмкені тапқан. Түйіншек орамында ақ түсті ұнтақ болған.
"Күдіктінің үйін тінту кезінде шамамен бір келі ұнтақ тәрізді зат және жалпы салмағы 50 грамға жуық өсімдік тектес зат салынған екі түйіншек тәркіленді. Мамандар үйден табылған затты гашиш болуы мүмкін деп болжайды", – делінген полиция хабарламасында.
Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам есірткі тарататын желіде курьер болып жұмыс істеген. Ол мессенджер арқылы жасырылған есірткі орындарының координаттарын алып, заттарды жеткізгені үшін ақы алған.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.