Алматыда курьерлер биометриялық тексерістен өтетін болады

186

Бұл туралы Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.    

Алматыда курьерлер биометриялық тексерістен өтетін болады Фото: kaztag.kz

Жақында резонанс тудырған оқиғадан соң курьерлерге қойылатын талап күшейтілмек. Бұдан былай Алматыда жеткізу сервистерінің жұмысы қатаң бақылауға алынатын болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алматы полиция департаментінде жеткізу платформалары, прокуратура мен қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Негізгі тақырыптар тұрғындардың қауіпсіздігі, заңнаманы сақтау және курьерлердің әрекеттері үшін бизнестің жауапкершілік алуы болды.

Алматы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдулдинов жеткізу нарығы қарқынды дамып келе жатқанын, алайда азаматтарды қорғау басымдық болуы тиіс екенін айтты.

"Әрбір курьер тұрғын үйлерге, азаматтардың жеке деректеріне және олардың үйде болу режиміне қатысты ақпаратқа қол жеткізеді. Біз курьерлердің жұмыс процесінің барлық кезеңінде биометриялық сәйкестендіруді енгізуді, аккаунттарды үшінші тұлғаларға беруге тыйым салуды, шетелдік жұмыс күшін тартуға шектеу қоюды және жол қозғалысы қағидаларының сақталуын тұрақты бақылауды талап етеміз", – деп атап өтті полиция басшысы Айдын Қабдулдинов.

Прокуратура өкілі жеткізу нарығына қатысушылардың барлығы заң талабын мүлтіксіз сақтауға тиіс екенін айтты. Ол агрегаторлардың процестердің заңдылығын қамтамасыз етуге дайындығын, мемлекеттік органдармен ақпарат алмасуды ұйымдастыруын және тартылған қызметкерлердің құқықтық мәртебесінің заңдылығын тексерді.

Прокурор мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы азаматтардың мүддесін қорғаудың басты кепілі екенін атап өтті.

Кеңес барысында платформалардың ішкі регламенттерін заң талаптарына сәйкестендіру, курьерлерге бақылауды күшейту, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жедел жеткізуге ынталандыру тетіктерін алып тастау және барлық қызметкерлердің заңды мәртебесін қамтамасыз ету қажеттігі талқыланды.

"Егер жүйелі өзгерістер енгізілмеген жағдайда, полиция департаменті нормативтік реттеуді күшейту және агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды бастамашылық етеді. Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі. Сондықтан заманауи сервистердің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Цифрлық экономиканың дамуы азаматтарды қорғау тетіктерінің дамуымен қатар жүруі тиіс", – деп қорытындылады Айдын Қабдулдинов.

Бұған дейін 14 ақпанда бойжеткенге гүлшоғын жеткізген курьер оның пәтеріне кіріп, қызға қол жүгірткенін жазғанбыз. Жәбірленуші Дарьяның арызынан соң ер адам "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу