Алматы қаласының Түрксіб ауданында құрылыс материалдары сақталған қойма өртенді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төтенше жағдай орнына келген құтқарушылар жалынның көрші нысандарға таралу қаупін сейілтті.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 112 пультіне Сүйінбай даңғылындағы өрт туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына алғашқы бөлімшелер келген кезде бір қабатты қойма ғимараты ашық жалынмен жанып жатқан.
Өртті жедел жою үшін арнайы штаб құрылып, ТЖМ бөлімшелері, қаланың құтқару қызметі, өрт сөндіру пойыздары, Апаттар медицинасы орталығының бригадалары және басқа да жедел қызметтер жұмылдырылды.
Суды үздіксіз жеткізу үшін ТЖМ-нің өрт сөндіру автопойызы мен "ҚТЖ" өрт сөндіру пойызы тартылды. Құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында кәсіпкерлердің тауарлық-материалдық құндылықтарының едәуір бөлігі сақталып, жалынның жақын орналасқан қоймалар мен нысандарға таралуына жол берілмеді.
Өрт толықтай сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырып, төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарлау қажеттігін еске салды.