Алматыда күзде 298 мың ағаш егіледі

20 қыркүйекте ағаш егу кезеңі басталады. 

Алматыда күзде 298 мың ағаш егіледі Фото: inbusiness.kz

Маусымдық көгалдандыру жұмысына дайындық мәселесі жөніндегі кеңесте Алматы әкімі Ерболат Досаевқа 2023 жылға 320 мың ағаш отырғызу жоспарланып, 22 мыңы көктемде егілгені, қалғаны 20 қыркүйектен бастап егілетіні баяндалды.

Күзгі ағаш егу іс-шарасы қаланың барлық ауданын қамтиды. Атап айтсақ, Медеу ауданында 22 мың, Жетісу ауданында 16 мың, Түрксіб ауданында 28 мың, Наурызбай ауданында 10 мың, Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандарында 5 мың, Алатау ауданында 207 мың ағаш. Алатау ауданындағы ауқымды көгалдандыруға индустриялық аймақтың және санитарлық аймақтың аумағы-ЖЭО-2 маңындағы қорғаныс аймағы, Қарасу алаңы, Мөңке би көшесінің оңтүстігіндегі аумақ, сонымен бірге магистральдық көшелер мен жаңа шағын аудандардың аула аумақтары бойындағы учаскелер кіреді.

Бас ботаникалық бақ пен ғылыми аграрлық университет мамандарының ұсынысымен көшелер бойына жалпақ жапырақты шегіршін, емен, үйеңкі, шаған, терек, ал саябақтар мен гүлзарларға - сәнағаш, қайың, акация, шырша және жеміс (алма, шие, алмұрт, өрік) ағаштары егіледі. Ағаштың бұл түрлері тығыз және және саялы ағашқа айналып, ластанған ауа ағынын жақсы ұстайды. Негізінен аталық терек сатып алынады, бұл терек мамығының азаюына және тұрғындар арасында маусымдық аллергия деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Кеңес барысында қала басшысы өсімдіктерді механикалық (су таситын көліктермен суару) кезең-кезеңімен автоматты түрде суаруға көшуді қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды, бұл бюджет қаражатын екі еседен астам үнемдейді. Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаевтың айтуынша, автоматты суару жүйесін орнату мердігер ұйымдармен қаланы көгалдандыру бойынша шарт жасасу кезіндегі міндетті пункт болып табылады. Сонымен қатар, 2023 жылы қабылданған жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау ережесінде 3 жылға дейін отырғызылған ағаштарға күтім жасауды қамтамасыз ету жеткізушілерге жүктелген.

Жасыл желектерді тиімді суару үшін биыл су жинағыштың құрылысы мен реконструкциялау басталды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға аяқталды (29 ұңғыма салынды, тамшылатып суару жүйесімен 500 мыңнан астам ағаш қамтылды, суару жуу машиналарының цистерналарын толтыру үшін 9 қаз мойын құбыр орнатылды, Халық Арена, Қалқаман скверінде, Желтоқсан саябағында, ШААЖ, Тимирязев және Усиков көшелерінде су беру қамтамасыз етілді).

"Аула аумақтарын көгалдандыруға қала тұрғындары да қатыса алады: "Жасыл аула" акциясы аясында тұрғындарға көшеттер тегін беріледі. Қазіргі маусымда осы мақсаттарға 3 мың көшет дайындалды. Өтінім 20 қыркүйектен бастап қабылданады. Қатысу үшін бастамашыл тұлғаның аты-жөні және байланыс деректері, ағаш отырғызатын жердің нақты мекенжайы, егілетін орынның фотосуреттері, көшеттердің санын және олардың тұқымын көрсету көрсетіп, Jasyl.aula.almaty@gmail.com электрондық мекенжайға жіберу қажет", – деп хабарлады Алматы әкімдігі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу