Алматыда Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамының конференциясы өтеді

3636

Алматыда Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамының конференциясы өтеді

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай Қоғамының бас директоры Елена Киммен кездесті. Кездесу барысында тараптар ұйымның өткен жылғы жұмыс нәтижелерін және болашақта өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Өткен жылы қала әкімдігі мен Алматының Төтенше жағдайлар департаменті және Қызыл Жарты ай Қоғамы арасында бірқатар бағыттар бойынша,соның ішінде ТЖ зардаптарын жоюға қатысты бірлесіп жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойылған болатын.

Елена Ким өзінің сөзінде Қызыл Жарты ай қоғамының жер сілкінісі зардаптарының алдын алуға, алғашқы көмек көрсетуге қатысты 42 тренинг, түрлі қоғамдық шаралар өткізгенін, ақпараттық материалдардың таратылғанын айтты.

"Қала тұрғындарына медициналық-әлеуметтік қолдау көрсету үшін біздің тарапымыздан жалпы сомасы 126,7 млн теңгенің көмегі көрсетілді, яғни тұрмысы төмен отбасылардың балалары мектеп формасымен, тегін тамақпен қамтамасыз етілді, патронажды медбикелер туберкулез сырқатына шалдыққандарға медициналық көмек көрсетті, босқындардың денсаулығы жақсартылды, әлеуметтік жағдайы төмен жандар бірінші кезекте қажет тауарлармен қамтамасыз етілді", - деді.

Кездесу барысында Елена Ким қала басшысына Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамы Халықаралық Федерациясының (МФОККиКП) Бас директоры Алхаджа Ас Сидің атынан жолданған хатты тапсырды, онда Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамы Халықаралық Федерациясының (МФОККиКП) 2018 жылғы мерейлі X-ші Еуропалық конференциясын өткізу үшін Алматының таңдалғандығы айтылған.

Өз кезегінде қала әкімі мұндай конференцияны өткізу Алматының өңірлік хаб ретіндегі беделін арттыратынын және қаланы одан әрі дамытуға экономикалық жағынан әсер ететінін атап өтті.

Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамы Халықаралық Федерациясының Еуропалық конференцияның құрамына Қызыл Крест және Қызыл Жартыай қоғамының 52 ұлттық ұйымы енген. Халықаралық алқалы шараға Федерацияға мүше елдердің өкілдері, БҰҰ-ның және бірқатар халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады деп күтілуде. Аталған форумды өткізуге Алматымен қатар Испаняның Мадрид қаласы да үміткер болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу