Алматыда Louis Vuitton және Nesquik брендтерімен жалған өнімдер тәркіленді

125

Алматы қаласында әлемге танымал "Louis Vuitton" және "Nesquik" тауар белгілерін заңсыз пайдалану фактілері анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Алматыда Louis Vuitton және Nesquik брендтерімен жалған өнімдер тәркіленді Фото: Әділет министрлігі

Алматы қаласы Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында танымал брендтердің тауар белгілерін заңсыз пайдалануды анықтау және оның жолын кесу бойынша іс-шаралар жүргізген.

Алматы қаласы Полиция департаментінің киберполиция бөлімшесімен бірлесіп жүргізілген тексеру барысында "Nesquik" тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталған. Қала аумағында тіркелген тауар белгісімен шатастыру дәрежесіне дейін ұқсас белгілерді пайдалану арқылы өнімдер заңсыз өткізілген.

Нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы құны 4 млн теңгеден асатын 2000-нан астам өнім тәркіленді.

Сонымен қатар жоспардан тыс тексеру барысында "Louis Vuitton" тауар белгісін заңсыз пайдалану деректері тіркелді. Анықталғандай, өнімдердің сапасы төмен болған және олар заңнама талаптарын бұза отырып сатылған. Заңсыз айналымнан жүздеген контрафактілік өнім тәркіленді.

– Аталған құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін материалдар сотқа жолданды, – делінген хабарламада. 

Әділет органдары жүргізіп отырған жұмыс адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге, құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауға және контрафактілік әрі әлеуетті қауіпті өнімдердің айналымының алдын алуға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу