Алматыда мектеп оқушылары арасынан Азияның үздік шахматшылары анықталды

95

Алматы қаласында мектеп оқушылары арасындағы World Schools Team Championship 2026 халықаралық командалық турнирінің Азия кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Алматыда мектеп оқушылары арасынан Азияның үздік шахматшылары анықталды Фото: gov.kz

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Халықаралық мектеп шахматы федерациясының (ISCF) бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараның жабылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты.

Сайысқа түрлі мемлекеттерден 26 мектеп командасы қатысып, Азия құрлығының ең үздік жас зияткерлері анықталды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев зияткер ұлтты қалыптастыруды ел дамуының негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Бүгінгі турнирдің өткізілуі осы бағыттың жүйелі әрі дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанының айқын дәлелі болып табылады. Шахмат оқу процесіне де, сабақтан тыс уақытқа да нық еніп, заманауи мектеп ортасының маңызды бөлігіне айналды. Ол өскелең ұрпақтың стратегиялық және логикалық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ тәртіпті нығайтады", – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, Қазақстан шахмат федерациясымен тығыз серіктестікте оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және ел болашағын қалыптастыруға бағытталған "Мектептегі шахмат" бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда.

World Schools Team Championship 2026 турнирінің Азия кезеңіне Австралия, Үндістан, Қытай, Сингапур, Өзбекстан және Ресей сияқты 19 мемлекеттен 8-14 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Турнирдің басты ерекшелігі – жарысқа тек жалпы білім беретін мектептердің өз командалары ғана қатыстырылды.

Қазақстан намысын ұлттық іріктеудің жеңімпаздары – Астана қаласындағы "SEED Uniker School", Алматы қаласындағы №92 мамандандырылған лицей және Республикалық физика-математика мектебінің командалары абыроймен қорғады. Астаналық SEED Uniker School командасы үздік төрттік құрамына кірді. Ал жүлделі орындарды Өзбекстан, Ресей және Үндістаннан келген мектеп оқушылары иеленді.

Тартысты өткен дода швейцариялық жүйе бойынша 8 турдан тұрды. Әр команда төрт негізгі және бір қосалқы ойыншыдан құралып, қатысушыларға әр партияға 45 минут уақыт берілді.

Аталған шара Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Халықаралық мектеп шахматы федерациясының (ISCF) 2026 жылды "Білім берудегі шахмат жылы" деп жариялауы аясында өткізілді. Бұл бастама оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытудағы маңызды қадам болды. Сонымен қатар жастар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған.

Алматыдағы Азия кезеңінен озық шыққан командалар енді желтоқсан айында өтетін Гранд-финалға жолдама алды. Алдағы уақытта мұндай іріктеу кезеңдері Африка, Америка және Еуропа құрлықтарында жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу