Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қала аумағындағы мешіттерде жасалған бірқатар ұрлық деректерін әшкереледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті намаз уақытын пайдаланып, адамдардың бейқамдығын аңдып, қылмысын жасырын жүзеге асырған.
"Азаматтардың қауіпсіздігін, әсіресе адам көп жиналатын орындарда қамтамасыз ету – біз үшін аса маңызды. Мұндай қылмыстар тек материалдық шығын келтіріп қана қоймай, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарына да нұқсан келтіреді. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде ұрлықтарға қатысы бар күдікті ұсталып, әрбір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.
Күдіктінің қылмыстық әрекетінің бірнеше эпизоды дәлелденді.
Оның осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.