Алматыда нан бағасы бекітілді: бір бөлкенің құны қанша?

223

Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру шаралары 2027 жылдың мамырына дейін сақталады.    

Алматыда нан бағасы бекітілді: бір бөлкенің құны қанша? Фото: gov.kz

Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. "Алматы" ӘКК мен "Алматынан" нан-тоқаш комбинаты арасында әлеуметтік қалыптағы нанды өндіру және өткізу жөнінде келісім жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Келісім аясында бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын жалпы көлемі 3 846 154 бөлке бидай наны сатылады. Бір бөлке нанның бағасы 130 теңге болып белгіленді. Сауда үстемесі 15%-дан аспауы қажет. Кейбір дүкендер мен сауда желілері өнімді үстемесіз де сатуы мүмкін. Өнім ірі супермаркеттерде және шағын азық-түлік дүкендерінде қолжетімді.

Сонымен қатар Алматыда өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыстар басталды. Бағаны тұрақтандыру шараларын "Алматы" ӘКК жүзеге асырады.

Атап айтқанда, жұмыртқа, құс еті және қант бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлінген.

"Сары-Бұлақ" құс фабрикасымен бірінші санаттағы 86,4 млн жұмыртқаны белгіленген бағамен жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Бір жұмыртқаның бағасы 59 теңгеден аспайды. Сонымен қатар "Алатау-құс" және Nauryz Agro KZ компанияларымен құс еті бағасын тұрақтандыру бойынша келісімдер жасалған.

"Алатау-құс" компаниясының фирмалық дүкендерінде сан еті мен жілігі 1 келісі 1100 теңгеден, ал сирағы 1650 теңгеден сатылып жатыр. Бұдан бөлек, Nauryz Agro KZ компаниясымен сан еті мен жіліктің бағасы 1 келісі үшін 1300 теңге деңгейінде тұрақтандырылды. Бұл бағыттағы тұрақтандыру мерзімі 3 жылға дейін қарастырылған.

Қосымша ретінде "Алматы" ӘКК жергілікті өндірушілерден 4,5 мың тонна түйіршіктелген қант сатып алды. Қант Magnum, Small, Toimart, "Столичный", "Юбилейный" және басқа да сауда орындарында 10 пайыздан аспайтын үстемемен сатылып жатыр. 1 келісі үшін 405 теңге деңгейінде белгіленген.

Қант бағасын тұрақтандыру шаралары биыл қараша айына дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу