Металлургия және кен байыту институтының базасында Қазақстан – Корея сирек және өте сирек кездесетін жер металдары орталығын құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба Алматыдағы Металлургия және кен байыту институтының базасында Сәтбаев университеті, Кореяның өнеркәсіптік технологиялар институты және Кореяның сирек металдар ұлттық институтының бірлесуімен іске асады.
Орталық заманауи зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жоғары білікті мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталады. Мұнда жоғары тазалықтағы сирек металдарды алудың экологиялық қауіпсіз технологиялары әзірленіп, өндірістік сынақтан өтеді. Сондай-ақ минералдық және техногендік шикізатты кешенді қайта өңдеудің жаңа тәсілдері енгізіледі.
Сәтбаев университетінің ректоры, профессор Мейрам Бегентаевтың айтуынша, Қазақстан мен Корея Республикасының ғылыми әлеуетін біріктіру стратегиялық маңызы бар минералдық шикізатты терең өңдеудің озық технологияларын енгізуге, ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық деңгейдегі білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.