Алматыда Абай даңғылы бойында, Сайран көліне жақын орналасқан құрылысы аяқталмаған биік ғимаратты бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала тұрғындарына таныс бұл аяқталмаған ғимарат уақыт өте келе қасбетіндегі граффитилері арқылы өзіндік арт-объектіге айналған. Жер телімінің аумағы – 0,6747 гектар.
Ғимараттың құрылысын 2006 жылы "Қуат корпорациясы" АҚ бастаған. Алайда екі жылдан кейін қаржының болмауына байланысты жұмыстар 10-қабатқа жеткенде тоқтап қалған. Ғимараттың жалпы ауданы – 14 583 шаршы метр.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының хабарлауынша, 2022 жылғы 17 тамыздағы сатып алу-сату шартына сәйкес, жер телімінің қазіргі иесі – жеке тұлға. 2024 жылғы сәуір айында меншік иесіне қолданыстағы аяқталмаған құрылысты міндетті түрде бұза отырып, қызмет көрсету нысандары бар әкімшілік ғимаратты салу және пайдалану үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілген.