Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXХIX сессиясы өтіп, шаһар басшысы Дархан Сатыбалды мегаполистің 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дархан Сатыбалды 2026 жылға жергілікті бюджеттен 2,8 трлн теңге қарастырылғанын атап өтті. Оның ішінде 50 млрд теңге экономикалық дамуды ілгерілетуге жұмсалады. Сондай-ақ жол-инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы бөлінбек.
Сөз арасында Алматы әкімі мегаполисте құрылысы жоспарланған жаңа стадион сыйымдылығы көбеюі мүмкін екенін айтты.
– Президент тапсырмасына сәйкес, халықаралық стандарттарға сай жаңа стадионның құрылысы жалғасады. Қазір оның сыйымдылығын 35 мың орыннан 45 мыңға көбейту мәселесі қарастырылып жатыр. Құрылысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұған дейін Алматыда 35 мың көрерменге лайықталған жаңа стадион салынатынын жазғанбыз.
Жаңа спорт нысаны Құлжа мен Талғар тасжолдарының арасында салынады деп жоспарланып отыр.