Алматыда Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Орталық сейсмология саласында қазақстандық және қытайлық ғалымдардың бірлескен зерттеулер жүргізуіне арналған ғылыми алаң болады. Мұнда жер сілкіністерін бақылау, болжау және олардың қаупі туралы алдын ала ескертуге бағытталған заманауи технология әзірленіп, жетілдіріледі.
Сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан Алматы үшін орталықтың жұмысы айрықша маңызға ие. Оның қызметі заманауи ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге, озық тәжірибемен алмасуға, сондай-ақ қала мен өңірдің сейсмикалық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.