Алматыда сел қаупі сейілді

608

Шаhарда 15 аса қауіпті мореналық көл бар.  

Алматыда сел қаупі сейілді

Алматы қаласының маңында 45 мореналық көл орналасқан, оның  15-сі аса қауіпті болып саналады.

Биылғы жылы 15 маусымнан бастап 20 қыркүйек аралығында Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бас жағында орналасқан 7 көлді судан босату жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметі. 

"Осы аралықта Қазселденқорғау күштерімен мореналық көлдерден 5 млн текше метрден астам су ағызылды. Бұл алғашқыдағы жалпы су көлемі 1,1 млн текше метрден 5 есеге көп. Мұздықтардың еруінен көлдер күнделікті суға толады. Сорғылар мен қосымша орнатылған сифонды құбырлардың, сондай-ақ қолдан қазылған су ағызу каналдарының  көмегімен көлдердегі судың деңгейі қауіпсіз белгіге дейін төмендетілді, яғни 1-7 метрге дейін түсіп, қалада селдің жүрмеуіне септігін тигізді", – деп жазылған хабарламада. 

Алматыда 2015 жыл мен сел жүрген былтырғы жылы Қарғалы өзенінің бассейніндегі №1 көлде суды өздігінен ағызып жіберуге арналған канал салынды. Нәтижесінде аталған көл транзиттіге көлге айналып, Наурызбай ауданының тұрғындары үшін сел қаупі сейілді.

"Алдын алу жұмыстарына шамамен 60 адам мен 9 бірлік арнайы техникалар қатысып, аэровизуалды бақылаулар мен қол жетпейтін жерлерге жабдықтарды жеткізу үшін ҚР ТЖМ авиациясы қолданылды. 
Қазіргі таңда мұздықтардың еруі тоқтап, мореналық көлдер қысқы режимге ауысуда, сел қаупі жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек, қала тұрғындары мен инфрақұрылымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен "Аюсай" және "Ақсай" шатқалдарында селге тосқауыл екі бөгеттің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру үшін құрылыс жобалары ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ-ге берілді.  Бөгеттердің құрылысы 2021-2023 жылдарға жоспарланған.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу