Алматыда теракт жасаған Руслан Күлекбаевқа ату жазасы берілді

1299

Алматыда теракт жасаған Руслан Күлекбаевқа ату жазасы берілді

Бүгін Алматыдағы  ЛА 155/18 Тергеу абақтысында Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Болатов Алматыда теракт ұйымдастырып, 10 адамның өмірін қиған Руслан Күлекбаевқа қатысты сот үкімін оқыды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Руслан Күлекбаев ҚР Қылмыстық кодексінің (ҚР ҚК) 255-бабы, 4-тармағы (лаңкестік акт), 99-бабы, 2-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру), 24-бабының 3-тармағы (өлтіру үшін шабуыл жасау), 192-б. 4-т. (топ адамға қарақшылық шабуыл), 287-б. 4-т. (заңсыз қару тасымалдау), 288-б. 2-т. (қаруды заңсыз жасау), 291-б. 4-т. (қару ұрлау), 200-б. 4-т. (көлік ұрлау), 126-б. 2-т. (адамды заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша, 58 бабының 4-бөлігін басшылыққа алынып, мүлкін тәркілеумен бірге өлім жазасы тағайындалсын", - деді судья Ерлан Болатов.

Қазақстанда өлім жазасын тоқтатқан мораторий 2003 жылдың желтоқсан айында енгізілді. Мораторий мерзімі шексіз болғанымен, ол қажет болған жағдайда тоқтатылады.

Президент Жарлығы өлім жазасы тағайындалған барлық үкімді тоқтатқан. Алайда, заң бойынша  соттарға қарауындағы іске байланысты жаза тағайындауына шектеу қоймайды.  Соңғы рет сот осыдан 10 жыл бұрын 2006 жылы өлім жазасын берген.

Күлекбаев ісі бойынша сот қорытындысындағы жарыссөзде Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жарқынбек Бақашбаев соттан Күлекбаевқа өлім жазасын тағайындауды сұрады.

Сонымен қатар, прокурор Күлекбаев ісі бойынша жауапқа тартылған Рафик Люға мүлкін тәркілей отырып, 9 жылға, жазасын қатаң режімдегі колонияда өтеуді, Сапарбековтің мүлкі тәркіленіп, 12 жылға қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеуді, Әсембекұлын мүлкі тәркіленіп, 11 жылға бас бостандығынан айыруға, Құсайынов 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Бұған дейін ашық сот талқылауының қорытынды жарыссөзінде Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жарқынбек Бақашбаев жаза тағайындауды сұрамастан бұрын залда отырған жәбірленушілерден қаза тапқандардың суреттерін көрсетуін сұраған.

Айта кетейік, Күлекбаев ісіне қатысты тергеу тобы 57 сот сараптамасы мен зерттеулер жүргізді және болған оқиғаның барлық жәйттерін анықтау мақсатында 200-ден астам куәгерлер мен оқиғаны көрген адамдарды тергеді. 2016 жылдың 12 қазанында 61 томнан тұратын қылмыстық істің материалдарын зерттеу нәтижесі бойынша сотқа тапсырды.

Р.Күлекбаевқа нәтижесі 8 құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлерінің және 2 бейбіт тұрғынның өліміне алып келген террористік акт жасады деген айып тағылды. Сонымен қатар, ол 3 бейібіт тұрғынды өлтірмек болды деп айыпталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу