Алматыда төрт мың орындық екі мектеп пен қосалқы нысан пайдалануға берілді

1064

Болашақта қалада тағы 26 мың орындық мектептер салу жоспарланған.

Алматыда төрт мың орындық екі мектеп пен қосалқы нысан пайдалануға берілді

Биылғы оқу жылының қарсаңында Алматының Мамыр ықшамауданында 1200 орындық және Нұршашқан ықшамауданында 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар мектептердің жанынан Бостандық ауданында 300 орындық, "Қарасу" ықшамауданында 192 орындық, "Думан" ықшамауданында 850 балаға шақталған жаңа қосалқы ғимараттар ашылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мектептерді аралауы барысында белгілі болды. 

Әкім аталған нысандармен қатар №5 музыка мектебінің 350 балаға есептелген жаңа ғимаратында және жақын күндері ашылған көпбейінді музыка орталығында болды.

Сондай-ақ ол білім ошақтарының айналасын абаттандыруға, кіреберіс жолдар мен тротуарларды салуға және жөндеуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Қала әкімі оқу орындары директорларының назарын кезекші сыныптарда санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтау қажеттігіне аударды.

"Жаңа орындар мектептерге жүктеме түсіретіні белгілі. Мысалы,  бүгінгі күні Думан ықшамауданында  оқушы орнының қажеттілігі толығымен шешілді. Ал, Нұршашқанда алғаш рет жаңа мектеп салынды, ол Түрксіб ауданындағы басқа мектептерге түсетін жүктемені азайтатын болады", – деп атап өтті қала әкімі.

Жалпы биылғы жылы екі мектеп пен бес қосалқы нысандардың пайдалануға берілуі арқасында 3, 8 мыңнан астам оқушыға орын ашылады. 

Қала әкімдігінің хабарлауынша тұрғындарының қарқынды өсуін ескере отырып, мектептердің жанынан 1925 орындық жаңа қосалқы нысандар салу жалғасатын болады. Сонымен қатар, 26 мың орынға жуық мектеп пен қосалқы нысан салу жоспарланған. Бұған қоса 2240 орынға шақталған төрт жеке мектеп ашу жоспарланған.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу