Алматыда транзиттік жүк көліктерінің қозғалысы шектелуі мүмкін

832

Қала маңына 19 эко-бекет орнатылады. 

Алматыда транзиттік жүк көліктерінің қозғалысы шектелуі мүмкін Фото: Максим Морозов

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша мегаполис экологиясын жақсарту мақсатында шеткері жерлерде бес жаңа саябақ салу, қала кіре берісіне 19 экологиялық бекет орнату жоспарланған, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі. 

"Қаланың экологиясын жақсарту үшін 2019 жылы "Жасыл Алматы" бағдарламасы қабылданды, оның аясында үш жыл ішінде 1 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда. Бұл бағдарламаны жариялаған кезде көптеген адам күмәнмен қарады. Өткен жылы біз 300 мыңға жуық ағаш отырғыздық және бұл жұмысты жалғастырамыз. Жасыл экономика басқармасының сайты арқылы қаламызда қанша ағаш бар екенін көруге болады", - деді әкім.

Сонымен қатар қоғамдық және коммуналдық автопарктерді экологиялық таза отынға ауыстыру шаралары қарастырылған. 

"Бұған қоса транзиттік жүк көліктерінің қозғалысын шектеу мүмкіндігі зерттелуде. Жүргізілген мониторинг тәулік сайын қалаға қоршаған ортаға техногендік ауыртпалық түсіретін 17 мыңнан астам жүк көлігі кіретінін көрсетті. Әрі шаһарда 500 мыңнан астам көлік тіркелген және күн сайын қалаға 250 мыңнан астам көлік кіреді. Біз пандемия кезінде ауа тазарғанын көрдік. Қапшағай, Талғар, Қаскелең тарапынан кептеліс болмауы үшін қала бойынша жолайрықтар салып жатырмыз. Қала маңынан электр пойыздарын іске қосуды ұсындық, қазіргі уақытта жеке қаражат есебінен Талғар бойынша келіссөздер жүріп жатыр", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу