Алматыда Tuńǵyshtar kezeńi форумы өтті

763

Жастар жылы аясында жасалған жұмыстар қорытындыланды.  

Алматыда Tuńǵyshtar kezeńi форумы өтті

Жыл басынан бері мегаполистің жұмыс істейтін жастарына 249 пәтер кілті табыс етілді. Сонымен қатар қалалық "Алматы жастары" бағдарламасы жалғасын тауып, 2020 жылы жұмыспен қамтылған кейінгі буын өкілдеріне тағы 1000-ға жуық пәтер салынады. Бұл туралы Алматыда өткен Tuńǵyshtar kezeńi форумы аясында шаһар әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров айтты.

"Алматы – жастар қаласы. Бүгінде мегаполисте 700 мыңнан астам жас өмір сүреді. Яғни, қаланың әрбір үшінші тұрғыны осы санатта. Оның 233 мыңы студенттер. Олар қалада орналасқан 39 жоғарғы оқу орны мен 80 колледжде білім алады. Сондықтан жастардың сапалы өмір сүруіне барлық жағдайлар жасалуда",-деді Ержан Бабақұмаров.

Форум аясында жастарды жұмыспен қамту мәселесі көтерілді. Жыл басынан бері осы санаттағы 14 966 адам жұмыспен қамтылған. Оның 12019-ы тұрақты, 1140-ы жастар тәжірибесіне, ал 450-і әлеуметтік қызметке, 1357-і қоғамдық  жұмысқа орналастырылған. Бұдан бөлек 664 адам қысқа мерзімді оқу бағдарламаларына жіберілген. Ержан Бабақұмаровтың сөзінше, 2019 жылы жастарға кәсіп бастауға көмек көрсету бағытында да көптеген жұмыстар атқарылған.

"Алматыда "Жас кәсіпкер" және "Бастау бизнес" бағдарламаларының аясында NEET санатына жататын 2650 кейінгі буын өкілі білім алды. Сабақтар қалалың 8 ауданында орналасқан 34 оқу сыныбында өтті. Бұл жобалар жастарға кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, алғашқы салымдар туралы ақпарат берді",-деді әкім орынбасары.

Сонымен қатар форум аясында түрлі салаларда белсенді кейінгі буын өкілдері марапатталды. Олардың қатарында жас кәсіпкерлер, ғалымдар, суретшілер, ЖОО ұстаздары мен жастар қозғалыстарының өкілдері бар.

        

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу