Алматы көшелерінде қала тұрғындары мен қонақтарына қажетті орындарды табуға, маршрут құруға және мәдени іс-шаралар туралы ақпарат алуға көмектесетін 31 интерактивті смарт тақта жұмыс істей бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Цифрлық құрылғылар Терренкурда, Панфилов көшесінде, Республика сарайының маңында, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында, метро станцияларының жанында және адам көп шоғырланатын өзге де орындарда орналастырылған.
Олардың көмегімен пайдаланушылар жақын маңдағы дәмхана, дәріхана, музей, аялдамаларды тауып, ауа райы мен ауа сапасы туралы мәлімет ала алады.
Бұдан бөлек, туристерге арналған дайын серуен маршруттары, қаланың көрікті жерлері, концерттер мен көрмелер туралы ақпарат ұсынылған. Платформада Алматының тарихына арналған арнайы бөлім де бар. Онда архивтік фотосуреттер арқылы қаланың бұрынғы келбетін көруге болады.

Сервис қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Оны тіркелмей-ақ тегін пайдалануға болады. QR-код арқылы таңдалған бағытты смартфонға жүктеуге мүмкіндік қарастырылған.
Жоба аясында жақын уақытта қалада тағы төрт интерактивті тақта орнату жоспарланып отыр.