Алматыда ұрының кесірінен жол апаты орын алып, бір адам көз жұмды

421

Күдікті 22 жаста ғана, бұрын бірнеше рет сотты болған.

Алматыда ұрының кесірінен жол апаты орын алып, бір адам көз жұмды

Алматыда көлік ұрлаған адам сол көлікпен жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ұрының кесірінен бір адам көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпараттық порталына сілтеме жасап.

ПД Анықтау басқармасының хабарлауынша, бұрын бірнеше рет сотталған 22 жастағы Р. есімді азамат Ақсай ықшамауданындағы үйлердің бірінің ауласынан Mazda көлігін ұрлап кеткен, содан кейін тағы бірнеше қылмыс жасаған.

– Дәлірек айтсақ, Алатау ауданындағы тұрғын алабында қаскөй түнгі уақытта үш көліктің аккумуляторларын ұрлап кеткен. Ал таңғы алтыда ол адам өліміне әкеп соққан апатқа ұшырады. Көлік ұрысы Саина көшесімен солтүстік бағытта келе жатып Абай даңғылымен қиылысқанда Toyota Corolla және Kia Rio көліктерімен соқтығысқан. Соққы салдарынан Kia Rio инерциямен кедергіге соқты. Бұл көлікті 52 жастағы ер адам басқарған. Өкінішке қарай, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, – деді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов. 

Көлік ұрысын патрульдік полиция қызметкерлері қолға түсірді. Белгілі болғандай, Mazda көлігінің иесі өз көлік құралының ұрланғанын білмеген: көліктің өз үйінің ауласында екеніне сенімді болған.

– Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу сонымен қатар, бөтен көлікті заңсыз иелену, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері бойынша да жүргізілетін болады. Күдікті ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Шәріпов.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу