Сонымен қатар Сайын мен Ұлықбек көшелерінің қиылысында жаңа Qadam саябағын ашу жоспарланған.
Аудан әкімі Абзал Егембердиевтің айтуынша, тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Ауданда 1 917 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 797-сі 1960–1970 жылдары салынған. Қазір Абай даңғылы бойындағы 11 үйдің қасбетін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2026 жылы 40 көпқабатты үйдің шатыры мен инженерлік желілерін күрделі жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, 19 үйдегі лифтілерді ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.
№5 шағын аудан мен Ақсай-4 ықшам ауданындағы 10 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйекте басталған. Жоба қазан айының соңына дейін аяқталмақ. Биыл аудан бойынша 135 аула ішінара жөндеуден өтті. Балалар және спорт алаңдары жаңартылып, футбол мен баскетбол алаңдарының жабындары мен қоршаулары жөнделді.
Ал Жұбанов көшесін абаттандыру жобасы толық аяқталды. Құны 2,603 млрд теңге болатын жоба аясында балалар және спорт алаңдары жаңартылып, көше жиһаздары мен жарықтандыру жүйесі орнатылды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, автоматты суару жүйесі іске қосылды.
Ал аумағы 0,35 гектар болатын Qadam саябағы бұрынғы автотұрақтың орнына салынып жатыр. Мұнда балалар алаңы, жүгіру жолы, паркур және сырғанау аймақтары, тактильді аллея, демалыс орны мен жасыл желек қарастырылған.
Саябақтың орталығына субұрқақ пен "Болашаққа қадам" жазуы бар аркалы композиция орнатылады.