Алматы әкімдігінің хабарлауынша, бас шыршаны безендіруге 7 шақырымнан астам жаңа жылдық гирляндалар, сондай-ақ сәндік элементтер, үлкен және кіші шырша ойыншықтары, жаңа жылдық әшекейлер мен жарық кескіндемелері пайдаланылған.
– Қала тұрғындары мен қонақтарына заманауи мультимедиялық технологияларды, ауқымды жарық безендіруді және қазақстандық эстраданың танымал орындаушыларының өнерін біріктірген мазмұнды мерекелік бағдарлама ұсынылды. Қаланың жаңа жылдық бас шыршасының шамын жағу рәсімінің алдында Республика сарайының қасбетінде 2 минуттық лазерлік шоу көрсетілді, – деп хабарлады қала әкімдігі.

Көрермендерге қазақстандық эстрада жұлдыздары, шоу-балет әртістері мен мәнерлеп сырғанаушылар орындаған "Кел, Жаңа жыл!" вокалды-хореографиялық композициясы ұсынылды.
Сонымен бірге, сахнада Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, "КешYOU", "Жігіттер", "Astra" топтары, сондай-ақ Балжан Бидаш пен Kodi өнер көрсетті.
Жаңа жылдық шыршалардың шамын жағу салтанатты рәсімдері қаланың барлық 8 ауданында өтті. Мерекелік алаңдар мына мекенжайларда орналасқан:
- Жетісу ауданы – "Гүлдер" саябағы (Серіков көш., 2А);
- Бостандық ауданы – "Атакент" ҚЫІО;
- Әуезов ауданы – Family Park;
- Медеу ауданы – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ;
- Алатау ауданы – "Алматы Арена" спорт кешені;
- Наурызбай ауданы – Шұғыла шағынауданы, 347 (амфитеатр);
- Түрксіб ауданы – №6 Оқушылар үйі (Сейфуллин көш., 13/1);
- Алмалы ауданы – Абай атындағы ҚазҰТОБ.