Алматыда жаңа жылдық мерекеде коммуналдық қызметтердің жұмысы күшейтіледі

104

31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында мердігер ұйымдар мен мамандандырылған мобильді бригадалар тәулік бойы кезекшілік етеді.      

Алматыда жаңа жылдық мерекеде коммуналдық қызметтердің жұмысы күшейтіледі Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жаңа жылдағы мереке күндері қала тіршілігін үздіксіз қамтамасыз етуге жауапты коммуналдық және апаттық қызметтердің дайындығына арналған кеңес өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кеңесте санитарлық жағдай, тұрғын үй қорының, инженерлік желілер мен жеделсаты шаруашылығының тұрақты жұмысы мәселелері талқыланды.

1 қаңтарға қараған түні қаланың алаңдарында, қоғамдық кеңістіктерде, саябақтарда, скверлерде, аулаларда және адамдар көп жиналатын орындарда, оның ішінде жаңа жылдық шырша орнатылған аумақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтары мен базарларда кешенді тазалау жұмыстары жүргізіледі.

"Көше-жол желісін, аула аумақтарын, саябақтар мен жүргіншілер аймақтарын күтіп ұстауға 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1 мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылады. Ауа райы қолайсыз болған жағдайда техника мен адам ресурстарын қосымша тарту көзделген. Қоқыс жәшіктері мен контейнер алаңдарының уақытылы тазалануы, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтардың шығарылуы қатаң бақылауға алынады", – деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Тұрғын үй қорының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін су, жылу және электр энергиясының берілуін бақылайтын, апаттық қызметтердің жұмысын үйлестіретін және тұрғындардың өтініштерін жедел қарайтын тәулік бойғы жедел әрекет ету штабы ұйымдастырылды.

Басқарушы ұйымдармен өзара іс-қимыл қаланың барлық аудандарында, оның ішінде жұмыс чаттары арқылы жолға қойылған. Мереке күндері апаттық бригадалардың кезекшілігі күшейтіліп, жеделсаты шаруашылығының диспетчерлік қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу