Алматыда жаңбырдан кейін 13 көлік көшедегі ойыққа түсіп кеткен

578

Мердігер ұйым зақымданған көлік иелеріне келген шығынды толық өтейді.  

Алматыда жаңбырдан кейін 13 көлік көшедегі ойыққа түсіп кеткен Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда жаңбыр салдарынан 13 көлік зақымданды. Сәрсенбі күні көліктерді эвакуациялау жүргізіледі. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің коммуникация және БАҚ-пен жұмыс бойынша кеңесшісі Ильзат Акчурин мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әуезов ауданы әкімдігі аппаратының мәліметінше, "Спецстрой Групп ЛТД" ЖШС бұған дейін Аманжол көшесінде тарату желілері жобасы аясында ауызсу және кәріз инженерлік желілерін жүргізу жұмыстарын толық көлемде аяқтаған.

"Асфальтбетон жамылғысын қалпына келтіру уақытша кейінге қалдырылды. Бұл "QazaqGaz" АҚ тапсырысымен 300 мм диаметрлі болат газ құбырын тарту жоспарына байланысты қабылданған шешім еді. Жол төсемін қайта қазудан және тұрғындарға қолайсыздық туғызудан сақтану үшін қалпына келтіру жұмыстары газ құбыры төселгеннен кейін жасалуға тиіс еді. Алайда ауданның жауын суы қолданыстағы арық жүйесі арқылы осы көшеге жиналып, жол төсеміне түсетін салмақты арттырған. Бұған қоса, инженерлік желілерді алты метрге дейінгі тереңдікте жүргізу топырақ негізін жұмсартты", – делінген хабарламада.

Оның сөзінше, осы жағдай және қатты нөсердің әсері жолдың шөгуіне және жабынның бүлінуіне әкелді.

"Салдарынан 16 қыркүйекте жол жабынының опырылып, 13 автокөлік зақымданды. Қазір Аманжол көшесі жабылды. Таңертеңнен бастап көліктерді эвакуациялау, топырақты шығару және жолды толық тазартқанға дейін балласт төсеу жұмыстары басталады", – деп хабарлады қала әкімінің кеңесшісі.

Мердігер ұйым зақымданған автокөліктердің иелеріне келтірілген шығынды толық өтейтіні туралы да айтылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу