Алматыда жас жігіт аялдамада тұрған 66 жастағы әйелді аяусыз ұрып-соққан

191

Күдікті ұсталды. 

Алматыда жас жігіт аялдамада тұрған 66 жастағы әйелді аяусыз ұрып-соққан Фото: Бейнежазбадан

Алматыда ер адам аялдамада 66 жастағы әжейді тепкілеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аталған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода ер адамның аялдамада тұрған зейнет жасындағы әйелді ұрып-соққаны бейнеленген. Зардап шеккен әйелдің қызы болған оқиға туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Бүгін Бостандық ауданында Алматы шипажайы көшесінде 66 жастағы анама белгісіз біреу шабуыл жасады. Анам аялдамада автобус күтіп тұрған. Осы сәтте жігіт артынан келіп, айналада адам жоқ екенін пайдаланып, еш себепсіз анамды аяусыз ұрып-соққан. Қазір анам ауруханада жатыр. Жағдайы өте ауыр", – делінген жазбада.

Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді. Белгілі болғандай, әйелге жасалған шабуыл дерегі бойынша Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

"Қылмыс "ізін суытпай" ашылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерделеуге бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Полиция құқыққа қайшы кез келген әрекеттер, әсіресе күш қолданумен байланысты қылмыстардың жолы қатаң түрде кесіліп, кінәлі тұлғалар заң аясында толық жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу