Алматыда жатақханадан орын таппаған студенттерге көмектесетін орталық ашылды

445

Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында орналасқан университет ғимаратында ашылған орталықтың негізгі мақсаты – жатақханадан орын таба алмай қалған студенттерге жедел әрі тиімді қолдау көрсету.

Алматыда жатақханадан орын таппаған студенттерге көмектесетін орталық ашылды Фото: canva

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) базасында Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі Ахуалдық орталық жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоғары оқу орындарының цифрлық платформалары арқылы жатақханаға орын брондап үлгермеген немесе орналасу барысында қиындықтарға тап болған білім алушылар Ахуалдық орталыққа тікелей жүгіне алады. Орталық мамандары әрбір өтінішті жедел қарап, бос орындар базасы арқылы тиісті жатақханалардан немесе серіктес ұйымдардан уақытша тұру орнын ұсынуға мүмкіндік жасайды.

Жедел қызмет көрсету мақсатында орталықта 8 толыққанды жұмыс орны ұйымдастырылған. Әрбір жұмыс орны заманауи компьютерлік техникамен, цифрлық дерекқорларға қолжетімділікпен және бір мезгілде 10 қоңырауды қабылдай алатын көпарналы байланыс жүйесімен жабдықталған. Бұл мамандарға қаладағы жоғары оқу орындарымен және жатақхана әкімшіліктерімен үздіксіз байланыс орнатып, студенттердің мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар орталық аумағында студенттер мен келушілер үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Мұнда өтініш берушілерге арналған күту және демалыс аймағы, оқу бұрышы, кофе-брейк аймағы, сондай-ақ жиналыстар мен жедел брифингтер өткізуге арналған конференц-зал жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу