Алматыда енді жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері бөлінбейді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Алматы қалалық жер қатынастары басқармасы агенттіктің сауалына берген жауабында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қаланың Бас жоспары аясында бірінші кезекте көпқабатты және азқабатты құрылыс, тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, ескі нысандарды сүріп, орнына әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілер салу көзделген.
"Қала аумағында жеке тұрғын үй салуға арналған алаңдар қарастырылмаған. Сондықтан жер телімдері дайындалмайды, берілмейді және кезек жүргізілмейді. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлінбейді", – делінген жауапта.
Сондай-ақ басқарма 2022 жылдан бері Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдері мүлде берілмегенін атап өтті.