Алматыда тарихи ескерткіштер қатарына 27 нысан енгізілуі мүмкін

161

Бүгінде қаладағы 160 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған.

Алматыда тарихи ескерткіштер қатарына 27 нысан енгізілуі мүмкін Фото: gov.kz

Оның 34-і республикалық, 126-сы жергілікті маңызға ие, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алматыда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Арнайы комиссия тарихи, сәулеттік және мәдени құндылығы бар тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарды зерделеуге кірісті.

Бірінші кезеңде зерттеу үшін 27 нысан іріктелді. Олардың қатарында Satbayev University бас оқу ғимараты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты, Ұлттық банк ғимараты, Абылай хан даңғылындағы бұрынғы Үкімет үйі, Орталық мәдениет және демалыс саябағының аркасы, Орталық әмбебап дүкеннің ескі ғимараты, Чайковский атындағы Алматы колледжі, Геология ғылымдары институты, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Киров атындағы зауыттың тұрғын үйлері, Нұрғиса Тілендиев пен Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейлері, "Атакент" кіреберіс аркасы және Республика алаңы бар.

Комиссия осы ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйін зерттеп, қай нысанды жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізуге ұсынуға болатынын анықтайды.

"Ескерткіштердің басым бөлігі сәулет және қала құрылысы нысандарына жатады. Олардың саны – 91. Тағы 50 нысан монументалды өнерге, 12-сі археологияға қатысты. 5 нысан ансамбльдер мен кешендер қатарына кірсе, екеуі киелі орын саналады.

Ескерткіштердің дені Медеу және Алмалы аудандарында орналасқан. Атап айтқанда, Медеу ауданында 65, Алмалы ауданында 50 нысан бар", – делінген хабарламада.

Тарихи ғимараттар мен құрылыстарды сақтау үшін олардың айналасында құрылыс жүргізуге шектеу қойылатын қорғау аймақтары белгіленеді. Бұл талаптар ескерткіштердің өзін ғана емес, айналасындағы тарихи құрылыс нысандарын да сақтауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу