Алматыда жойқын зілзала болады деген ақпаратты кім таратқаны белгілі болды

9152

Ол мұны кәдімгі саңырауқұлақтарға қарап, болжап білген.  

Алматыда жойқын зілзала болады деген ақпаратты кім таратқаны белгілі болды Фото: canva.com

Сейсмологтар Алматы қаласында "жойқын зілзала болады" деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бір блогердің халықты дүрліктірген видеосы тараған еді. Жұрт арасында үлкен дүрбелең тудырған бұл видеода 15 қаңтар күні шаһарда магнитудасы 5 жарым болатын жойқын зілзала болатыны айтылған.

Сейсмологтардың айтуынша, зілзалаға қатысты бір жылға арналған алдын ала болжам осы айдың аяғында ғана жарияланады. Бірақ соған қарамастан, төтеншеліктер мен сейсмолог мамандар қаңтардың 10-ынан 17-ісіне дейінгі аралыққа арналған қысқа мерзімді зерттеу жасап көрген. Шаһарда магнитудасы 5.5 баллдық дүмпу күтілмейтінін арнайы зерттеулер арқылы анықтаған.

Қаланың астаң-кестеңін шығаратын жер сілкінісі 7 баллдан басталады. Бір қуанарлығы, қазір қалаға төнетіндей ондай қауіп жоқ. Сонымен қатар арнайы мамандар қаладағы 17 мың ғимаратқа сейсмотексеріс жүргізген екен.

"Қандай мәлімет келіп түссе де, оның нақтылығын ескерген жөн. Ол мәлімет қайдан келіп жатыр? Блогерлерден бе, жер сілкіністерінің заңдылықтарын білетін адамнан келіп жатыр ма, жоқ тосын бір жол-жөнекей блогерлерден келіп жатыр ма, соған ден қойған дұрыс. Себебі мамандардың айтатын шешімі, олардың айтқан жөн сілтеген жолдары ғылыми деректерге негізделген", – дейді ҚР ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы басшысының орынбасары Нұрсарсен Өзбеков.

Кеше түнде қалада жантүршігерлік жер сілкінісі болатынын айтқан блогер Александр Савельевтің мұндай жорамал жасауына не түрткі болғаны белгілі.

"Айта кетейін, тікелей эфирлерде мен айтатын нәрсе – фантастикалық кітаптың сценарийі, мен фантаст жазушымын. Мен өз қызметім бойынша өсімдік-мұғалімдермен қарым-қатынас жасау арқылы алған көзқарастарым негізінде қорытынды жасаймын. Әрі қарай, біздің ретрит орталықтарымызға жылдар бойы мыңдаған адам келіп, емделеді, барлық адамға параллель саңырауқұлақтардан белгілі ақпарат келіп тұрады", – дейді блогер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу