Алматыда жолдың ортасына үстел жайып, жарнама түсіргендер әкімшілік жазаға тартылды

130

Сот шешімімен олар 78 мың теңгеден айыппұл арқалады.  

Алматыда жолдың ортасына үстел жайып, жарнама түсіргендер әкімшілік жазаға тартылды Фото: egemen.kz

Алматыда жарнама ролигін түсіргісі келген кафенің 3 қызметкері жазаға тартылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Алматы соттарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айыпталушылар қаланың қарбалас көшелерінің біріндегі жаяу жүргіншілер жолағына үстел қойып, жайғасқан. Осылайша адамдар мен жүргізушілерге қозғалуына кедергі болған. 

"Олардың әрекеті көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп, ұсақ бұзақылық ретінде сараланды – қоршаған ортаға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу (ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі). Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іс бойынша үш құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындады", – делінген соттың хабарламасында.

Түсірілімге қатысқандар кінәсін мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініш білдірді.

Сот ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі ("ұсақ бұзақылық") бойынша әрқайсына 20 АЕК, шамамен 78 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу