Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қызметкерлері ЖҚАЖ сарбаздарымен бірлесіп, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, осы сылтаумен азаматтардан ақша талап еткен топты ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Күдіктілерден “Полицияға жәрдемдесу отряды” қоғамдық бірлестігінің жалған қызметтік куәліктері, кісендер және қаражат тәркіленді.
Ұсталғандар өздерін есірткі полициясы қызметкерлері ретінде таныстырып, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, ақша аударымдары мен қолма-қол қаражат талап еткен.
Қазір “Бопсалау” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
– Бұл – биылғы жылы өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған үшінші жағдай. Мұндай деректер қоғамның құқық қорғау органдарына деген сеніміне нұқсан келтіреді, сондықтан біз мұндай әрекеттерге қатаң тосқауыл қоямыз. Нағыз полиция қызметкерлері тек заң аясында әрекет етеді. Алматы тұрғындарына үндеу жасаймын: егер өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған адамдардың әрекеттеріне күмәндансаңыздар, дереу “102” нөміріне хабарласыңыздар, – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.