Алматыда жылына 5 миллион зерттеу жүргізетін заманауи зертхана іске қосылды

277

Кешен тәулігіне 15 мың сынаманы өңдей алады.

Алматыда жылына 5 миллион зерттеу жүргізетін заманауи зертхана іске қосылды Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Алматыдағы И. Жекенова атындағы инфекциялық аурулар ауруханасында жасанды интеллект технологиялары қолданылатын жоғары технологиялық зертхана жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аумағы 2 480 шаршы метрді құрайтын кешен тәулігіне 15 мыңға дейін биологиялық сынаманы өңдеп, жылына 5 миллионға дейін зерттеу жүргізе алады.

Зертхананың басты ерекшелігі – жасанды интеллект элементтері енгізілген автоматтандырылған трек-жүйе. Ол биоматериалды қабылдау мен сұрыптаудан бастап, зерттеу жүргізу және нәтижелерді жолдауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Жаңа технологиялар қолмен орындалатын операцияларды азайтып, адам факторын төмендетуге, диагностика уақытын қысқартуға және биологиялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Кешен бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: автоматтандырылған зертхана, иммуноферменттік талдау, полимеразды тізбекті реакция, микробиология және паразитологиялық зерттеулер.

Сонымен қатар зертханада медициналық ұйымдармен деректер алмасуға арналған цифрлық жүйе, биоматериалды орталықтандырылған тасымалдау және зерттеу сапасын бақылау жүйелері қарастырылған.

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов бастаған делегация зертхананың жұмысымен танысты. Алматының бұл тәжірибесі еліміздің өзге өңірлерінде зертханалық қызметті дамытуға үлгі болмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу