Алматыдағы жеңіл рельсті көлік желісі 2027 жылдың соңында іске қосылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жоба мегаполистің батысы мен шығысын байланыстырады. LRT депосы Алатау ауданындағы индустриялық аймақта салынады. Жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асатын бұл желіде 34 аялдама болады. Орташа жылдамдық сағатына 35 шақырымнан аспайды.
Бағыт Бауыржан Момышұлы көшесінің бойымен Төле би көшесіне, одан әрі Абылай хан даңғылы арқылы "Алматы-2" теміржол вокзалына дейін барады. Қазір қалада ескі трамвай рельстері алынып, жаңа жолдың орны дайындалып жатыр.
– LRT желісінің құрылысы барысында заманауи тәсілдерді қолданамыз. Олай дейтініміз, вагондар батарея арқылы жүреді. Ал батареялар станцияларда қуатталады. Осылайша, аспалы электр желілерін орнату қажеттілігі туындамайды. Біздің желінің Астанадағы LRT желісінен айырмашылығы – биік эстакадалардың болмауында. Сондай-ақ бір жылжымалы құрамның сыйымдылығы 285 адамды құрайды, – дейді Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Асан Бостанов.