Оқиға 2025 жылғы 19 қазанда Іле Алатауындағы таулы марафон кезінде болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, марқұм – 70 жастағы Владимир Кривенцов. Ол КСРО спорт шебері, теңіз көпсайысы мен шаңғы жарыстары бойынша чемпион, сондай-ақ полиатлон, президенттік және қысқы көпсайыс түрлері бойынша бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы және жүлдегері болған.
"Қайғылы жағдай старттан көп ұзамай болды. Бірнеше минут ішінде жеткен ТЖД экипажы алғашқы медициналық көмек көрсетті және зардап шегушіні "Медеу" кешенінің құтқару бөлімшесіне жеткізді, алайда, өкінішке қарай, қолданылған шаралар нәтиже бермеді", – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылар Кривенцов жарысқа дейін медициналық тексеруден өтіп, спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімдер болмағанын атап өтті.
"Біз марқұмның туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз және шын жүректен көңіл айтамыз. "Экстремалды Атлетика" ұйымы отбасына материалдық көмек көрсетеді", – деді ұйымдастырушылар.