Осыған орай Алматы музейлерінде кешкі 18:00-ден түнгі 00:00-ге дейін "Музей түні" акциясы ұйымдастырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала тұрғындары мен қонақтары мегаполистің жетекші музейлерін тегін тамашалап, квесттерге, шеберлік сағаттарына, театрландырылған экскурсияларға, дәрістер мен концерттерге қатыса алады.
Биыл акцияға: Алматы тарихы музейі (Қабанбай батыр көшесі, 132), Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі (Зенков көшесі, 24а), Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі (Байтұрсынұлы көшесі, 60), Д. А. Қонаев музейі (Төлебаев көшесі, 117), Сәбит Мұқанов музей-үйі (Төлебаев көшесі, 125), Ғабит Мүсірепов музей-үйі (Төлебаев көшесі, 130), сондай-ақ Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы (Нұркент ықшам ауданы, 5/11), Н. Тілендиев мемориалды музейі (Қонаев көшесі, 96) қатысады.
Бірлестік музейлерінде таңғы 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін ашық есік күні болады, ал негізгі бағдарлама 18:00-де басталып, түнге дейін жалғасады. Кеш бойы музейге келушілер, өздеріне ұнаған шараларды таңдай алуы үшін іс-шаралардың басым бөлігі – музейаралық квест-ойыны, "Жұлдызды гид", "Музейге сый" акциялары, театрландырылған экскурсиялар мен қойылымдар, көрмелер, танымдық-интерактивтік ойындар, шеберлік сабақтар, жасанды интеллектпен фотоаймақтар, музейлік дәрістер, кездесулер, концерттік бағдарлама, блиц-көрмелер, балаларға арналған аймақтар және кинокөрсетілімдер келушілер назарына ұсынылады.
18:00-ден бастап акция аясында музейге келушілер арасында Алматы қаласы музейлер бірлестігі музейлерін қамтитын "Тарих ізімен" тақырыбында квест-ойыны өткізіледі. Жастар арасында танымал блогерлер бастаған топтар музейлерді аралап, әзірленген тапсырмаларды орындайды. Командалардың басты мақсаты – музейлердің мөрін толық жинап, финалдық кезеңге өту. Шара соңында, квест-ойынға қатысушыларды марапаттап, брендтік сыйлықтар табысталады.
Алматы музейінде (Қабанбай батыр, 132) кино және театр актрисасы, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына орай "Қазақ киносының жауһары – Қыз Жібек" көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде "Қыз Жібек" фильмінің актерлері Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов және фильм авторлары Сұлтан Қожықов, Гүлфайрус Исмайылова, Ғабит Мүсірепов, Нұрғиса Тілендиев сынды тұлғалардың жеке заттарынан құралған көрмесін тамашалауға болады.
18 мамыр күні 18:00-ден бастап 00:00-ге дейін тарихи кейіпкерлер қатысатын театрландырылған экскурсиялар мен "Асанәлі Әшімов" театрының "Алматы – махаббатым" спектаклі,"Жұлдызды гид", "Музейге сый" акциялары, қыш бұйымдар, бейнелеу өнері, зергерлік бұйымдар жасау бойынша шеберлік сағаттары, балаларға арналған аквагрим, пазлдар мен квесттер аймағы, жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған фотозона жұмыс істейді. Музей қорынан блиц-көрме "Сақ жауынгерінің" ғылыми реконструкциясының таныстырылымы, музейлік дәрістер, театрландырылған қойылымдар келушілер назарына ұсынылады.
19:00-23:00 аралығында Kalifarniya, Bayan Sulu, "Алашұлы" тобы, IL Canto квартеті өнер көрсететін "Алматы кеші" концерттік бағдарламасы басталады. 23:00-де квест жеңімпаздары мен музей қызметкерлерін марапаттап, ал 23:15-те ашық аспан астындағы кино көрсетіліммен кеш аяқталады. Барлық шаралар – тегін.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі де (Зенков, 24а) 18 мамыр күні 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін "Музей түні – 2026" шарасына шақырады. Барлық келушілер үшін музейге кіру тегін. 18:00-23:00 аралығында кеш бойы Құрманғазы, Қорқыт, Біржан сал сынды аңыз кейіпкерлер қатысатын театрландырылған экскурсиялар, музыкалық аспап жасау бойынша шеберлік сабақ, "Жұлдызды гид" акциясы, интеллектуалдық танымдық ойындар, музей экспозициясы бойынша экскурсиялар және жасанды интеллектпен жабдықталған фотоаймақтар жұмыс істейді.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің құрылғанына 45 жыл толуына орай, "Уақыт айнасы: музейдің 45 жылы" көрмесін келушілер тамашалай алады.
20:00-де "Алатау серілері", "Сазген сазы", "Арқайым", "Парасат" этно-фольклорлық топтары және Жанар Айжанованың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады. 22:00-де музей қызметкерлері мен қатысушылар марапатталып, 23:00-де ашық аспан астында кинокөрсетілімдер қойылады.
Мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығы да (Нұркент ы/а, 5/11) өткен мен бүгінді байланыстыратын ерекше бағдарлама дайындады. Бұл – дәстүрлі қазақ музыкалық мәдениетінің бай мұрасымен танысудың тамаша мүмкіндігі. Бұл күні музыка орталығының есіктері келушілер үшін таңертеңнен түнге дейін ашық болады.
18:00-де кешкі бағдарлама басталады. Тарихи тұлғалар – Дина Нұрпейісова, Жамбыл Жабаев пен Ақан сері бейнесінде өтетін театрландырылған экскурсиялар ұйымдастырылады. 18:30-23:00 аралығында "Жұлдызды гид" акциясы, музыкалық аспаптар жасаудан шеберлік сабақтар өтсе, тарихи тұлғалардың ұрпақтары жүргізетін "Еш жерде айтылмаған сыр сұқбат" экскурсиясы келушілерге тың деректер мен тағылымды әңгімелер ұсынады.
20:00-де Сәуле Жанпейісова, Мұрат және Талғат Әбуғазиевтер, Нұржан Жанпейісов, Эльза Карабалина, Гулфайруз Далғабай, Шолпан Дәржанова, Талғат Мұқышев, Ардақ Исатаева, Нұргүл Жақыпбек сынды дәстүрлі орындаушылар сахнада өнер көрсетеді.
Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде (Байтұрсынұлы, 60) 18:00-23:00 аралығында "Алаш Арыстары" фотокөрмесі, "Ахметке хат" акциясы, Алаштанушы ғалымдармен кездесу, музей экспозициясы бойынша экскурсиялар, фотоаймақтар жұмыс істейді. "Жұлдызды гид" акциясы, А. Байтұрсынұлының әндерінен концерттік бағдарлама, "Ахмет пен Әлихан аманаты" қойылымы, Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауы, "Ахмет. Алаш ардақтысы" атты дөңгелек үстел өтеді. Кеш акцияға қатысушыларды және музей қызметкерлерін марапаттау рәсімімен аяқталады.
Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйі де (Төлебаев көшесі, 125) кешкі бағдарлама ұсынады. 18:00-23:00 арылығында С. Мұқанов бейнесіндегі театрландырылған экскурсиялар, зияткерлік ойындар мен фотозоналар ұйымдастырылады.
18:30-20:00 аралығында академик-жазушы Сәбит Мұқановтың қызы Жанна Сәбитқызы музей қорына жазушының портретін, Олжас Сүлейменовтің құттықтау хатын және тарихшы Оразалы Шыңғыс тапқан Сәбит Мұқановтың ата-бабалары туралы мұрағаттық материалдарды тапсыратын "Музейге сый" және "Жұлдызды гид" акциялары өтеді. "Абайдың 17 қара сөзі" тақырыбында спектакль, "Бұл қай қаламгер?" танымдық квест ойыны, "Мөлдір махаббат" қойылымы, шахматтан блиц-турнир "Көне жәдігер" бағдарламасы, жасанды интеллект технологиясымен жасалған академик-жазушылар С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің бейнелерімен сұрақ-жауап түрінде тікелей сұхбаттасу, музейде кинокөрсетілімді ("Ботагөз" көркем фильмі, "Біздің Сәбит") тамашалауға болады.
Ғабит Мүсірепов әдеби-мемориалдық музей-үйінде 18:00-ден бастап театрландырылған экскурсиялар, фотоаймақтар, "Жұлдызды гид" акциясы, "Ұлпан ұлағаты" Ғ. Мүсірепов атындағы театр актерларымен кездесу, "Бұл қай қаламгер?" танымдық квест ойыны, "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" театрландырылған қойылымы, "Сауатты жазып үйренейік" шеберлік сағаты, қазақ классикасының кинокөрсетілімдері ("Қыз Жібек", "Классиктің кешіккен махаббаты") қойылады. Кеш марапаттау рәсімімен аяқталады.
Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейі де (Төлебаев көшесі, 117) өз бағдарламасын ұсынады. Сағат 18:00-ден бастап келушілер аралығында музейге келушілер назарына "Құрметті Дінмұхамед Ахметұлы" атты хаттар көрмесі, "Ойлан тап!" интеллектуалды-танымдық ойыны, музей экспозициясы бойынша экскурсиялар ұсынылады.
Сағат 19:00-де қонақтар "Д. А. Қонаевтың сүйікті әндері" ән кешін, ал 20:00-да "Жұлдызбен музейге" акциясына қатыса алады. Сонымен қатар, Д. Қонаевтың туыстары және қызметтестерімен кездесу өтеді, ал 22:00-де марапаттау рәсімі басталады.
Н. Тілендиев мемориалды музейі (Қонаев көшесі, 96) музей келушілеріне өз бағдарламасын ұсынады. Концерттік бағдарламада Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық "Отырар сазы" оркестрінің бастауымен, қазақ сахнасының жарық жұлдыздары Медеу Арынбаев, Айдана Меденова, Динара Сұлтан, Ерболат Құдайберген, Бейбарыс Жамбылдың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады. Келушілерге "Нұрғиса сазы – ұрпаққа аманат" атты күйшілер байқауы ұйымдастырылады. Келушілерге арналған танымдық-интеллектуалды ойын өткізіледі. Кеш бойы музей экспозициясы бойынша экскурсиялар мен арнайы фотоаймақтар жұмыс істейді.
23:00–00:00 аралығында акцияға қатысушылар мен музей қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтіп, 00:00-де іс-шара өз мәресіне жетеді.
Сондай-ақ, бұл күні Алматы қаласы музейлер бірлестігінің құрамына кіретін Алматы галереясы (Достық даңғылы, 44) сағат 10:00-ден 00:00-ге дейін келушілер үшін ашық болады. Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған "Адамға табын, жер енді" атты көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеде Олжас Сүлейменовтің құжаттық материалдары, фотосуреттері, картиналары, архивтік хроникалары және кітаптарының алғашқы басылымдары ұсынылады.
Алматы музейі – Қабанбай батыр көшесі, 132
- Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі – Зенков көшесі, 24а
- Д. А. Қонаев музейі – Төлебаев көшесі, 117
- С. Мұқанов музей-үйі – Төлебаев көшесі, 125
- Ғ. Мүсірепов музей-үйі – Төлебаев көшесі, 130
- Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы – Нұркент ықшам ауданы 5/11
- А. Байтұрсынұлы музей-үйі – Байтұрсынұлы, 60
- Н.Тілендиев мемориалды музейі – Қонаев көшесі, 96
- Алматы галереясы – Достық даңғылы, 44