Алматыдағы Неке сарайы тағы да жеке басқарушыға берілмек

614

Сауда жеңімпазы нысанды пайдалануға бергенге дейін оған 2 млрд теңге инвестиция салуы тиіс.

Алматыдағы Неке сарайы тағы да жеке басқарушыға берілмек Фото: e-Qazyna порталы

Алматыдағы "Жас Отау" орталық Неке сарайын сатып алу құқығынсыз қайтадан сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр. Сауда-саттық бүгін e-Qazyna порталында өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Сауда-саттықтың жалғыз қатысушысына нысанды 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беруге рұқсат етіледі. Аукционға қатысу үшін 1,9 млн теңге мөлшерінде кепілдік жарна төлеу қажет. Сауда-саттыққа қатысуға өтінімді 2026 жылғы 12 қарашаға дейін беруге болады. Аукцион Астана уақытымен сағат 10:00-де басталады. Оның жеңімпазы орталық Неке сарайының таза пайдасының 50%-ына дейін иелене алады. Нысан таза пайдадан төленетін сыйақы мөлшерін ең төмен ұсынған қатысушыға сенімгерлік басқаруға беріледі", – делінген порталда.

Сауда жеңімпазы нысанды қатаң түрде мақсатына сай – неке қию рәсімдерін өткізу үшін пайдалануы тиіс.

Тағы бір талап – жобаға "нысанды пайдалануға бергенге дейін" кемінде 2 млрд теңге инвестиция салу. Сауда жеңімпазы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін тарих және мәдениет ескерткіштерін реставрациялау қызметін жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар қосалқы мердігер ұйыммен шарт жасасуға міндеттеледі.

"Шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай ішінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды кейіннен жүргізу үшін Алматы қаласының мәдениет басқармасымен ғылыми-жобалық құжаттаманы әзірлеп, келісу қажет. Сондай-ақ басқарушы нысанның қолданыстағы сәулеттік келбетін сақтай отырып, қасбетін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі, аумақтағы субұрқақтарды күрделі жөндеуі және нысанды пайдалануға бергенге дейін оның сейсмикалық беріктігін күшейту жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс.

Бұдан бөлек, жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелерін, сумен жабдықтау жүйесі мен сантехникалық жабдықтарды ауыстыруды, шатыр мен күмбез бөлігін жөндеуді, терезелер мен витраждарды алмастыруды, сондай-ақ нысанға іргелес аумақты абаттандыруды қарастыруы керек", – делінген басқарушыға қойылатын талаптарда.

Сауда жеңімпазы шартқа қол қойылған сәттен бастап 24 ай ішінде нысанды пайдалануға беруге тиіс. Қазіргі уақытта Неке сарайы Алматы қаласының "Мемлекеттік активтер басқармасы" КММ балансында тұр.

Техникалық паспортта ғимараттың жалпы ауданы 2,1 мың шаршы метр екені, оның жертөлесі мен балкондары бары көрсетілген. Қабырғалары кірпіштен қаланған.e-Qazyna порталындағы фотосуреттерге қарағанда, Неке сарайының ғимараты қараусыз қалған. Нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Неке сарайы сауда-саттыққа алғаш рет шығарылып отырған жоқ. Ғимарат сенімгерлік басқарушыларын бірнеше рет ауыстырған, себебі олар өздеріне алған міндеттемелерін орындамаған. 

Абай даңғылында орналасқан "Жас Отау" орталық Неке сарайы 1971 жылғы 22 қарашада ашылып, Қазақ КСР-дегі осы үлгідегі алғашқы ғимарат болды. Ғимарат 1979 жылғы 4 сәуірде тарих және мәдениет ескерткіштері тізіліміне енгізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу