Алматыдағы "Теректі" және "Рахат-Мәдениет" шағын аудандарында су құбыры салынады

Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған. 

Алматыдағы "Теректі" және "Рахат-Мәдениет" шағын аудандарында су құбыры салынады Фото: inbusiness.kz

Алматы қаласы Алатау ауданының "Теректі" шағын ауданында инженерлік желілердің құрылысы басталды. 

Аталған ауданда 66 км сумен жабдықтау және су бұру желілері салынады. Қазіргі уақытта Мәртөк, Тастөбе және Түйемойнақ көшелерінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың қараша айында аяқтап, жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Осылайша, "Теректі" шағын ауданының 7 мыңнан астам тұрғыны орталық су құбыры және кәріз желілерімен қамтамасыз етіледі.

Биыл тамыз айының соңына дейін "Рахат-Мәдениет" шағын ауданы бойынша 131,7 км инженерлік желілердің құрылысы басталады. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарына техникалық дайындық жүргізілуде, ол 2024 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасады. Жобаны іске асыру барысында 14 мыңнан астам тұрғын орталық су құбыры және кәріз желілерімен қамтамасыз етіледі.

"Тапсырыс беруші ретінде жобаларда жұмыс аяқталған соң шұңқырдың алдын алу үшін сығылмайтын топырақпен қайта толтыруды, ал бұрын асфальтталған көшелер бойынша жол төсемін қалпына келтіруді қарастырдық. Желілер құрылысы аяқталған кезде жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты көлік қозғалысында уақытша қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Бұл жұмыс біздің тұрақты бақылауымызда болады", - деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Аудан әкімдігі Алатау ауданындағы ретсіз құрылыстарға байланысты Алматыға қосылғанға дейін де жеке үйлер орталық кәрізсіз салынғанын айтты. Жеке сектордағы сұйық қалдықтар ауладағы септиктерге қосылып, топырақ пен жер асты суын ластайды, олардың деңгейін жоғарылатады.

"Соның нәтижесінде кей жерде жер асты суы үнемі жер бетіне шығады. Мұны шешу үшін 2023 жылы республикалық бюджеттен кәріз желілерін салуға қаражат бөлінді. Қазір іске асырылып жатқан жоба әзірленді. Жеке секторда жаңа желілерді салу – қала билігі алдындағы басым міндеттің бірі", - деді әкім. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу